Ырғыз ауданында «Аялы әже» аудандық форумы ұйымдастырылды. Негізгі мақсат - әжелеріміз арқылы жастарға халқымыздың құндылықтарын, салт-дәстүрін, тәрбиесін жеткізу.
Форумда аудан әкімінің орынбасары Серік Қонақбаев ұлағаты ұрпағына дарыған дана әжелердің жолын қайта жаңғыртуда жаңадан құрылып жатқан Әжелер алқасының атқаратын қызметі үлкен екенін атап өтті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мирхан Дуанбеков өскелең ұрпаққа әже тәрбиесінің орны бөлек екенін айтып, барша әжелер мен аналарды қоғамдық шараларға белсенділікпен қатысуға шақырды. Ал республикалық «Қазақ аналары-Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе филиалының мүшесі Айжан Мақатова жиналған қауымға ізгі тілегін білдіріп, бірқатар белсенді әйел-аналарға марапат табыстады. Шара аясында мәдениет үйінде ұлттық бұйымдардан көрме өткізіліп, басқосу әже, ана туралы әсем әндермен өрнектелді.
Айта кетейік, жақында аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан Әжелер алқасы құрылып, өз жұмысын бастаған болатын.