Ауған соғысы ардагерлерінің ісі көпке үлгі. Ауғанстан жеріндегі соғыстан 35 жыл бұрын оралған жауынгерлер қаруластарымен, олардың жесірлерін үнемі қолдап отырады. Әр мейрамда сый-сияпат, азық-түлік толы қаптарды тарату дәстүрлі үрдіске айналған. Бұл жолы да қайырымды іске жұмылды.
Айтып өтейік, бүгінде облыста 800-дей ауған соғысы ардагері тұрады. Оларға ай сайын берілетін жәрдемақы көлемі 23 мың теңге. Былтырдан бастап 9 мамыр жеңіс күніне орай бір реттік төлем 230 мың теңге алуда. Пәтер мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. 2020 жылы 20 ардагер үйлі болса, 2021 жылы 15 адам қоныс тойын тойлады. Биыл да жыл соңына дейін тағы бірқатар ауған соғысы ардагерінің пәтер мәселесі шешімін табар деген үміт бар. Көмек түрлерін көбейтуге қатысты әлі де ұсыныстар айтылып жатыр.
Сондай-ақ, ауған ардагерлері бұған дейін Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне теңестіріліп келген мәртебеден айырылып, ұрыс қимылдарына қатысушы ретінде ғана қалды. Мәртебені қайта қарау туралы да ұсыныс берілген.