Аппараттық жиын барысында қаралған тағы бір маңызды мәселе - балабақшадағы қауіпсіздік. Облыс әкімі қаладағы «Амир» жеке балабақшасында болған оқиғаға байланысты жиын өткізіп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді. Асхат Шахаров тәрбиеленушілерге немқұрайлы қараған балабақшаларға қатысты шараларды қатаңдату туралы талап қойды.
«Балабақшалардың ішінде бейнекамералар орнатылып, оны барлық ата-ана қарай алуы тиіс, яғни қолжетімді болуы керек. Екіншіден, бақылаудың цифрлық жүйелерін қолдана отырып, балабақшаға келіп-кеткен адамдарды қадағалауды реттеу қажет. Егер балабақша тәрбиеленушілеріне немқұрайлы қарау фактілері анықталса, онда балабақшаның жұмысы дереу тоқтатылуы керек. Басшылар жазалануы тиіс», - деді Асхат Шахаров. Сондай-ақ, облыс әкімі заңбұзушылық орын алған жағдайда, жедел әрекет ете алмай, ұзақ уақыт ойланып отырған білім басқармасының басшысын сынға алды.