«Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» атты аудиожинақ жарыққа шықты. Алғы сөзін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жазған жинаққа Ақтөбе жерінде туған, өмір сүрген белгілі ақындар мен халық композиторларының шығармалары енген. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай шығарылған ән-күйлер жиынтығында  260-тан астам  шығарма бар. ¤¤12 үнтаспадан тұратын "Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы" атты ән-күйлер жинағына  Дәулескер күйші Қазанғаптан бастап, Батақтың Сарысы, Қызыл Тұрдалыұлы, Сарышолақ шайыр, Нұрпейіс Байғанин сынды әнші-жыраулар мен халық композиторларының, кейінгі Ахмет Жұбанов, Бәкір Тәжібаев, Ғазиза Жұбанова, Бақыт Басығараев, сынды композиторлардың шығармалары, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Қайырғали Қожанбаев, Бейбіт Оралұлы,  Жайлау Асылханов секілді ақындардың, композиторлар мен күйшілердің шығармалары енген. Жинақты шығаруға екі жылдай уақыт жұмсалған. Бұрын еш жерде жарияланбаған шығармалар да бар.  ¤¤Бұл жинақты дайындауға филармония ұжымы, өнер адамдары,  музыка зерттеушілері елеулі  үлес қосқан. Үнтаспалар Қытайдың Шэньчжэнь қаласында шығарылды. Музыканттар өте сапалы құйылмалы дискілер деп отыр. Филармония басшысы Елубай Кенжалиевтің айтуынша, антологияның 1000 данасы шығарылды. Ол мәдениет мекемелеріне, оқу орындарына таратылады.¤¤Филармония ұжымы мұнымен шектелмей, тағы бір ауқымды жобаны қолға алғалы отыр. Ахмет Жұбановтың 110 жылдығына орай композитор шығармаларының академиялық антологиясын жинақтауға кіріседі.