Рахмет, сізге, дәрігер! Бұл пневмония дертіне шалдығып, ауруханадан жазылып шыққан науқастар сөзі. Мемлекет басшысы айтқандай ақ халаттыларға деген құрметіміз қашанда жоғары болуы керек. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында көптеген науқас ауруынан айығып, отбасына оралып жатыр. Ақтөбеліктердің дәрігерлерге деген ыстық ықыласынан тыңдап қайтқан тілшіміз Дархан Мектепбайдың бейнематериалына кезек берейік. 
Ауруханаға алғаш түскенде Жақсыбек шынымен де өмір мен өлім арасында болған. Жағдайы аса ауыр күйінде оны дәрігерлер бақылауына алып, бүгінде аяққа тік тұрғызды. Олардың тынымсыз еңбегінің арқасында жақсы күнге жеттім деген Жақсыбектің сөзі сенімді шықты. 
Арбадағы Вера Лукавенко болса мұнда ауыр жағдайда түскен. Алғашында үйінде өз бетінше емделген. Ырыққа көнбеген ауру ақыры оны жедел жәрдеммен осы орталыққа алып келген. Дәрігерлер ккі өкпесі қабынған Вераның өмір сүруі үшін жанталасқан. Сол сәтті көзіне жас алып еске алған ол провизордағы қызметкерлерге алғысын жасырып қалмады. 
ВЕРА ЛУКОВЕНКО
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Тірі қаламын деп ойлаған жоқпын. Жағдайым өте ауыр болды. Қатты қиналдым. Маған үміт сыйлаған  барлық дәрігер мен мейірбикее рахмет айтқым келеді. Күндіз-түні жанымыздан табылды. Олар өз ісінің мамандары екен. 
Дәрігерлер болса алғашқы уақытта орталыққа күніне 50-60 науқас жатқызылса, бүгінде 15-20 тұрғын келетінін айтады. Көңілді жұбатар бұл деректерді сараласақ, аурудың екпіні бұрынғыдай емес тәрізді. 
Жұмысымызды аяқтап, бізге алдын-ала берген арнайы киімді үстімізден әзер шешкендей болдық.
Аурухана ішінде науқастардың көңіл-күйін көріп, аты жаман індеттің адамзат баласына деген қауіпі жоғары екенін жан-дүниемізбен сезіндік. Жазылып шығамын деп қуанғандардың дәрігерлерге деген алғысын тыңдадық. Таң атқаннан, кеш батқанға дейін арнайы киімін үстінен тастамай жүріп, жүгіре еңбек еткен ақ халаттылардың қиын жұмысын ұғындық. Ауырмай жүрейік!

Дархан Мектепбай