Биыл қалада ауыз су тапшылығы сезілуі мүмкін,-дейді мамандар. Өйткені, таза судың негізгі көзі Қарғалы өзенінен алынады. Ал өзен арнасы жыл өткен сайын тартылып барады. Экожүйені бұзып, су арнасын кеңейту кезінде қарапайым заңдылықты сақтамаған мердігер мекемелер болса, бұл жолы өз бағытын өзгертіп, табиғат жанашырларымен бір мәмілеге келді. Қазіргі кезде қоқысқа толып қалған өзен арнасын тазалау жұмыстары басталған. Бұл - бірінші кезең. Қарғалы өзенінің бойындағы "Энергетик" бау-бақша ұжымының аумағы тұрмыстық қатты қалдыққа толып қалған. Көбісі пластик бөтелкелер, полиэтилен пакеті. Кесілген ағаш бұтағы, қураған тал да көп. Мамыр айы басталғалы мұнда 2 га жер тазаланған. Өзен арнасын тазартып, мәселенің мәніне қаныққан мамандардың айтуынша, биыл ақтөбеліктер таза судан тарығуы мүмкін. Себебі, қала тұрғындары тұтынатын ауыз судың негізгі бөлігі, дәлірек айтқанда 30 млн текше метр су Қарғалы өзенінен алынады. Сонымен бірге судың жиналуы өзен бойындағы тал-терекке байланысты.  
АЛЕКСАНДР МАНДРЫКИН 
"МЕДЕТ АТК" ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ 
Егер биыл су ағыны баяу болса, қарапайым техникамен су түбіндегі қоқысты тазартамыз, бұлақ көздерін ашу үшін. Бұл - екінші мәселе. Біз қазір қураған тал-теректерді жинап жатырмыз. Содан кейін бұл жерге ағаш егіп, кесілген талдардың орнын толтыру қажет. Ал, олар суды ұстап тұрады. Егер екі аралықта ылғал болмаса, су көзін аша алмаймыз. Өйткені күзге қарай су буға айналады. Сондықтан біз судың жиналуын қамтамасыз етуіміз қажет.   
Жергілікті қоғамдық бірлестіктің қызметкерлері тазалық жұмыстарын таңнан кешке дейін жүргізіп жатыр. Толық тазалап болған соң, негізгі жұмыстар басталмақ. Осы жолы біз жобаны мердігер мекемемен бірігіп атқармақпыз, бір-бірімізді түсіндік,-деп ағынан жарылды қоғамдық бірлестіктің басшысы. Қарғалы тұрғындары болса игі бастамаға риза. Қалада 350 бау-бақша бар. Оның 100-ге жуығы осы өзен суын пайдаланады. Қарғалы ғана емес, Ақтөбедегі барлық 8 өзеннің арнасы осындай жұмыстар арқылы қалпына келтірілмек. 

ГҮЛНАРА ЖОЛЖАНОВА