Жерлеу және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастыру ережелеріне өзгеріс керек. Бұл тақырып облыстық мәслихаттың кеңейтілген отырысында талқыланды. Жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары мен аудандардан келген мамандар да қатысты. Ақжар, Өрлеу, Кірпішті елдімекендеріндегі қорымдарда орын жоқ. Тек ертерек орын алып қойғандарға ғана мәйітті жерлеу рұқсат көрінеді. Зират арасы тігінен кем дегенде 1 м, ал көлбеу аралары кем дегенде 0,5 м болуы керек. Және қазған кезде жер асты суларына дейінгі аралық кем дегенде 0,5 м болуы тиіс.Мәйітті бір жерден екінші жерге апарудың да өз ережесі бар. Сондай-ақ депутаттар зират қарапайым болуы керек, оны сәулетті етіп тұрғызуға болмайды деген пікірлерін айтып, құрылысына бірқатар шектеулер қоюды ұсынды. Көзі тірісінде жерлеуге орын әзірлеп қоятындар да бар. Жиынға қатысқандар мұны да ескеруге шақырды. Ал депутаттардың сауалына нақты жауап бере алмаған маман сынға ілікті.
СӘНИЯ ҚАЛДЫҒҰЛОВА /ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ХАТШЫСЫ
- Сіз сұраққа нақты жауап беруіңіз керек. Ия бізде проблема бар, оны жасыруға болмайды. Ал оны шешу үшін зират салудың, мәйітті жерлеудің типтік талап ереже болуы керек. Ал қазір Ақтөбе облысының аумағында ондай ереже жоқ. Сіздер оны жасап, жергілікті биліктің алдына, азаматтардың алдына талап қою керексіздер.
Облыс пен елді мекендердегі жасыл желекті күтіп-ұстауға және қорғауға қаржы бөлмес бұрын жоспар құру туралы ұсыныстар да айтылды. Мәселен , облыста жасыл желек егу жұмыстарына 1 млрд 700 млн теңге бөлінген. Жеке кәсіпкерлер есебінен отырғызғандары да бар. Әйтсе де құқықбұзушылық көп.Отырыста қаралған үшінші мәселе-қала мен елді-мекендердің аумақтарын абаттандыру. Бюджетті жүйелі жұмсау туралы ұсыныстар айтылды.
Жанар Датқызы