ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ РЕСПУБЛИКА КҮНІН МЕРЕКЕЛЕДІ
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қажып, жұдырық көтерген жарынан қашып дағдарыс орталығын паналаған ана мен балада есеп жоқ. Былтыр 342, осы жылы 9 айдың өзінде 200-ге тарта адам Ақтөбедегі арнайы мекенің көмегіне жүгінген. Барар жер басар тауы қалмаған жандардың арасында өзіміздің отандастарымыз бен Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейден келген шет ел азаматтары да бар. Олар жарты жыл бойы орталықта өмір сүріп, жұмысқа орналасып, жан-жақты қолдауға ие болады. Республика күні және әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің мерекесіне орай дағдарыс орталығының тұрғындары сала мамандарына тосын сый ұйымдастырып, өнерлерін ортаға салып, осылайша алғыстарын білдірді.