Ақтөбе облысы халықаралық беделді рейтингтік агенттіктердің бірі - Fitch Ratings -тің ұзақмерзімді халықаралық кредиттік рейтингін BBB-", сондай-ақ ұлттық рейтингті «AA+» деңгейінде алды. Бұл туралы аймақ басшысы фейсбуктегі парақшасында жариялады. Бұл шешім – облыс экономикасының тұрақтылығы мен қаржылық тәртібіне берілген тәуелсіз халықаралық баға. Яғни, облысымыз өз міндеттемелерін уақытылы орындай алатын, инвестиция үшін сенімді өңір ретінде танылып отыр деген сөз. Ақтөбе өңірі – тоғыз жолдың торабында тұрған, еліміздің жетекші индустриялық орталықтарының бірі. Өнеркәсіп, жер қойнауы байлығы, жаңа инвестициялық жобалар мен әртараптанған экономика – мұның бәрі аймақтың даму қарқынын күшейтіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының өңірлерді дамыту, инвестиция тарту және орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында қол жеткізілген жетістіктер жаңа мүмкіндіктер ашады -деді аса маңызды жаңалықпен бөліскен аймақ басшысы.