Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында өңір басшысы республикалық және халықаралық деңгейде аймақ намысын қорғап жүрген дарынды оқушылармен кездесу өткізді. Жүздесу бейресми, ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Жиынға аймақтың үздік 40 оқушысы қатысты. 


Олардың әрқайсысы білімі мен еңбекқорлығының арқасында түрлі деңгейдегі зияткерлік жарыстарда лайықты жеңістерге қол жеткізген озаттар. Асхат Шахаров басқосу барысында әр оқушының аймақ беделіне қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті. Өңір басшысымен әңгімелесуде оқушылар өздерінің жетістікке жету жолдарымен бөлісіп, маңызды тақырыптарға қатысты жеке көзқарасын білдірді. 


Бүгінде өңірдің жас дарындары түрлі беделді алаңдарда өздерін сенімді түрде көрсете алады. Бір ғана республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 35 жүлделі орынға ие болды, ал жалпы топтық есепте «Үздік олимпиада командасы» мәртебесін алды.