Өңірді отандық өніммен қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты талабы. Қобдалық жас кәсіпкер қияр өсіретін жылыжай салып, төтенше жағдайға қарамастан ауылды табиғи өніммен қамтамасыз етіп отыр. Білім мен кәсіпті байланыстыра білген оқушылар да жылыжай ісін қолға алыпты. Еңбек пен ермек. Екеуін ұштастырған оқушылардың қоғамға көп пайдасы тиетіні анық. Ауылдағы кәсіппен танысып келген әріптесім Ерлан Мұқан осы тақырыпты жалғастырады. Бұл - Талдысай орта мектебінің оқушылары еккен өнім. Бой көтеріп, жайқалып өсіп келеді.  Жылыжай 4 жыл бұрын салынған. Алғашында аумағы 30 шаршы метр болса, қазір екі есе ұлайған. Әрине бәрі балалардың егіншіліккке, өсімдік әлемін тануға деген құлшынысының арқасы. Қазір мұнда қияр, қызанақ, бұрыш, баялдының бірнеше сұрпы өсірілуде. Ойын баласының бос уақытын тиімді өткізуі үшін таптырмас жоба. Алынған өнім мектеп асханасына, артығын жәрмеңкеге шығарады. Түскен қаражаты жылыжайды дамытуға жұмсалады екен. Шағын болса да осы уақытқа дейін жарты тоннаға жуық көкөніс жиналыпты. Карантин жағдайында оқушылардың екен көкөністерін Айнагүл Аманшеева күтіп, баптайды. Мақсат Бижанов - жас кәсіпкер. Алты ай бұрын "Бизнестің жол картасы 2025" мемелекттік бағдарламасына жүгінді. Бес миллион теңгеге жылыжай тұрғызып, осы жылы іске қосқан. Қазір аудан орталығы мен жақын ауылды қиярмен қамтамасыз етіп отыр. Жылыжайда қиярдың бір сұрпы ғана өсіріледі. Қоспасыз, табиғи. Өнімділігі де жақсы. Бір күнде 40-50 келіге дейін қияр жинайды. Кәсіптің көзін, пайданың ебін тапқан кәсіпкер бизнесін дамытуды көздеп отыр. Ауданда ауыл шарушылығы саласын дамыту жұмысы кең-кезеңімен жүргізілуде.  Биыл аумағы 1 гектар болатын жылыжай кешені салынады. Бұл қобдалықтардың сұранысын түгел қамтуға мүмкіндік беретін жоба. Сонымен бірге 3 гектарға алма көшеті егіледі. 

Ерлан Мұқан