Қаламызда ұлы Абай даңғылы бойында "Елтаңба" стелласы бой көтерді. Егемендіктің символы болған Елтаңбаны жергілікті кәсіпкер Тәуелсіздік күніне арнап орнатты. Монументтің салтанатты ашылуына 200-ге жуық қала тұрғыны келді. Ұзындығы 20 метрлік стелла Абай гүлзарында алыстан менмұндалап тұратын бірегей ескерткіш болары сөзсіз. Құрылысы 3 ай бұрын басталған монумент мемлекеттік символға толы. Төрт жақты тұғырда ҚР-ның әнұраны, мемлекеттік рәміздердің авторлары және қала аты жазылған қызғалдақ гүлі бейлеленген. Стелла шыңында - Елтаңба. Оның элементтерін салтанатты шарада сөз алған өңіріміздің құрметті азаматы Еркін Құрманбек сипаттап берді.  Стелладағы Елтаңба екі жақтан да көрінеді. 60 тонна бетоннан құйылған. Тұғыр жер астынан 3,5 метрге жуық тереңдікте орнатылған. Сегіз қырлы тұғырдың өзі 5 бөліктен тұрады. Стелла толығымен отандық құрылыс материалдарынан жасалған. Туған жерді елін сүйген азаматтар түлетеді,-дейді халық даналығында. Жоба авторы да осындай азаматтардың бірі. Стелла бой көтерген аумаққа 100-ден астам қарағай ағашы егілген. Ұлттық рухты көтеріп, өскелең ұрпақтың патроиттық сезімін нығайтуға арналған ескерткіш қаланың көрікті орнына айналмақ. 

ГҮЛНАРА ЖОЛЖАНОВА