Кітапхананың түнгі әлемі. Ақтөбеде алғаш рет "Кітапхана түні" шарасы өтті. Мақсаты-қала тұрғындарын кітап оқуға шақыру, оқырмандар санын көбейту. Шара аясында кітап көрмесі, авторлық ойындар, әдеби дәмхана және мерекелік концерт ұйымдастырылды. Кешкі сағат 7-де басталған шара түнгі 12 ге дейін жалғасты. Кітапхана ұжымы оқырмандарын флеш-моб пен қарсы алды. 4 сағаттың ішінде С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасына 1500 адам келді. Олар-оқушылар, студенттер, өнер адамдары, жергілікті ақын, жазушылар мен кітапхананың тұрақты оқырмандары. Кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі-журналистика саласының ардагері Идош Асқар. Ол өмір бойы кітапты жанына серік етіп келеді. Мерзімді басылымдарды үзбей қарайды. Сүйікті шығармаларының бірі-Сервантестің "Дон Кихоты". Ал ақсақалдың пәтерінде 5000 кітабы бар. Бұл кітапханасын Идош Асқар 1960 жылдардан бері жинағанын айтады.Кітап оқитын жастар аз. Бұған әлеуметтік желі себеп,-дейді кітапханашылар. Бүгінгі акцияның мақсаты да осы. Тұрғындарды, әсіресе жастарды кітапханаға шақыру. С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхананың қазір 25 мың оқырманы бар. Кітап қоры - 310 мың. Оның 87 мыңы қазақ тіліндегі әдебиет. Ал периодика бөлімінде 1200 мерзімді басылым сақтаулы. "Жас алаш", "Қазақ әдебиеті" мен "Егемен Қазақстан" газеттері сұранысқа ие. Ал жастардың қызығатыны-психология мен бизнес жайлы оқулықтар,-дейді кітапханашылар.