Тарих - халық зердесі. Шалқарлықтар Қайдауыл батыр Едігеұлын ұлықтау, ұқрпаққа ерліктерін насихаттау шараларын өткізді. Жастармен кездесу және тарихи-танымдық экспедиция Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында ұйымдастырылды. Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған танымдық экспедиция Қауылжыр ауылдық округі аумағындағы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының аса көрнекті қайраткерлерінің бірі, ел халқының тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлға Қайдауыл батыр Едігеұлының кесенесінен басталды.   Экспедиция құрамында баба ұрпақтары, ардагерлер, музей жанындағы «Тарих - халық зердесі» атты ғылыми кеңес өкілдері, өлкетану секциясының мүшелері  болды. Кесене басында баба рухына құран бағышталды. Қайдауыл батыр туралы ұрпақтары Дәулетжан Елеусізов, Әділхан Сексенбаевтар естеліктер айтып, тұлғаның батырлық қасиеттері, кісілік келбеті хақында ой толғады. Бұдан соң, Шалқар мектебінде «Бабаға құрмет- ұрпаққа міндет» атты танымдық шара өтті. Оған мектеп ұжымы мен оқушылары қатысты. «Көне тарихтың куәсі болған құнды жәдігерлер» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған жәдігерлердің  денін өлкемізден шыққан батыр бабалардың қару-жарақтары, құрал-саймандары құрады. Ал мәжіліс залында өткен танымдық шарада Қайдауыл баба бейнесін айшықтайтын мазмұнды әңгімелер өрбіді. Экспедиция қатарында болғандар алған әсерлерімен бөлісті. Қайдауыл батырдың арғы аталары туралы аңыз-әңгімелер айтылды. Мектеп оқушылары Қайдауыл батырдың өмірі жайлы сахналық көріністер қойды. Шара қорытындысында тарихи-танымдық экспедициға қатысқан, ұйымдастыруға атсалысқан адамдар марапатталды.

 

Азамат Әбілқайыр