9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні. Мереке қарсаңында тыл ардагерлері де елеусіз қалмады. Оларға әр саладағы ұжымдар құрмет көрсетіп, сыйлықтар табыстады. Мәселен, мұндай игі істі нөмірі 11-ші және 60 шы мектептің оқушылары мен ұстаздары жасады.
Ұлы жеңіске тыл еңбеккерлерінің де қосқан үлесі зор. Солардың бірі - Жолдығали Шагалин. Бүгінде 83 жастағы қария зайыбы Қуантай Шагалинамен бірге 5 баласынан 15 немере, 5 шөбере сүйіп отыр. Cоғыс қасіретін өз көзімен көрген ардагер ұрпағының бейбіт күндерде өмір кешіп жатқанына разы. Ол 1943-1944 жылдары Қобда ауданы Жарық кеңшарында еңбек еткен. Небәрі 10 жасында шаруашылықтың жұмысына араласты.
Нөмірі 60-шы мектептің ұстаздары мен оқушылары, білім бөлімінің мамандары тыл ардагеріне сыйлықтарын табыс етті.
Ал, нөмірі 11-ші мектептің оқушылары мен директоры тыл ардагері Надежда Маренкованы мерекемен құттықтап барды. Ол соғысқа дейін осы мектепте оқыған. Кейін, 1942 жылы тылда жүріп, темір жолда жұмыс істеді. Соғыстан соң, білім саласында еңбек етті. Бүгінде жасы 92-де. Екі баласынан екі немере, 5 шөбере сүйіп отыр.
ҒАЛИЯ ІЗБАСҚАНОВА, №11 МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ
- Тыл еңбеккерлері мектеп бітірген соң, майдан кезінде зауыттарда, фабрикаларда еңбек етті. Біз бүгін 11-ші мектептің түлегі Надежда Маренковаға арнайы келдік. Осы күндері біз 100-ден аса соғыс және тыл ардагерін құттықтадық. Оларды құрметтеу парызымыз.
Айтып өтейік, Жеңіс күніне орай қаладағы соғыс ардагерлері 300 мың теңгеден материалдық көмек алады. Ал, тыл еңбеккерлеріне 12 мыңнан 15 мың теңгеге дейін қолдау көрсетіледі. Қазір шаһарда 53 соғыс ардагері және 3342 тыл еңбеккері тұрады.
Жұлдыз Алмасқызы