Әйтеке би ауданында баспана кезегінде тұрғандарға көптен күткен пәтер кілттері табысталды. Екіқабатты 8 пәтерлі екі үйдің шаршы метрлері әртүрлі. Жеке-дара салынған 20 үйдің аумағы 74 шаршы метрді құрайды. Газ, су, жарығы бар, жылумен қамтылған. Аулалары абаттандырылған. Сөйтіп бір күнде Жүргенов ауылында 36 отбасы қоныс тойын тойлады. Оның ішінде 30-ы баспана кезегінде тұрған азаматтарға бұйырды. Қалғаны ауданға жұмыс істеуге барған дәрігерлер мен мемлекеттік қызметшілерге берілді. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев тұрғындарды көптен күткен қуанышты сәтпен құттықтады. Еске салайық, екі қабатты сегіз пәтерлі коммуналдық екі үйдің құрылысы 2021 жылы басталып, тоқтап қалған. 2023 жылдың қазан айында ауданға Асхат Шахаров барып, тез арада әрі сапалы түрде халық игілігіне беруді тапсырды. Сөйтіп жобаға қайта өзгеріс енгізілді. Арада бір жыл өткенде құрылыс аяқталып тұр.