Облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына орай Қобда жерінде кездесу өтті. Журналистер ең алдымен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері Бұлақ ауылына аялдап, тарихи мекеннің бүгінгі жай-күйімен танысты. Осындағы батыр мұражайында көптеген деректер мен естеліктер жинақталған.

Бұдан кейін қалам иелері Әлия ауылындағы музейдің құрылыс жұмыстарымен танысып, одан соң аудандық музейде жинақталған тарихи жәдігерлерді көрді. Газеттің жүз жылдығы аясындағы мерейтойлық кездесу Қобда ауылындағы қазақ орта мектебінде жалғасты.

Аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев қонақтарға сәт сапар тілеп, байырғы басылым — «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерекесімен құттықтады.

«Ақтөбе Медиа» серіктестігінің директоры Раукен Отыншин өз сөзінде ғасырлық тарихы бар «Ақтөбе» газетінің жүріп өткен жолы туралы айтып, бұл басылымның қай кезде де ел мүддесін ұстану, халық қамын ойлау бағытын берік ұстанып келе жатқанына тоқталды.