Өңірде жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен, кейбір көшелерге төселген жол жабындыларында ақау бар. Кеңес Нокин даңғылында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын тексерген мамандар асфальт-бетон қабатының талапқа сай төселмегенін анықтады. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесінің өкілдері көшенің бірнеше бөлігінен сынама алды. Енді мердігер мекеме жол төсемі жұқа аумақтарды қайта салады. Бұл даңғылдың жалпы ұзындығы алты шақырымнан асады. Орташа өндеу жұмыстары жоспар бойынша осы айда аяқталуы тиіс. Үстіңгі қабатына қиыршық тасты мастикалық асфальт-бетон жабындысы төселіп жатыр. Одан бөлек 1300 метрден астам жиектастар ауыстырылады.