Мүгедектердің құқықтарының бұзылуына қатысты істер бойынша сот отырыстарына Уәкілдің өкілін қатыстыру тәжірибесін енгізу қажет. Ақтөбе облысындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілінің 2025-2026 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына осындай ұсыныс берілді. Жоспарды талқылау жиынына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен азаматтық қауымдастық және өңірдегі үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Адам құқығының сақталуына байланысты алдағы уақытта ескерілуі тиіс заңнамалар мен ұсыныстар айтылды. Соның ішінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және заңнаманың сақталуын тұрақты түрде мониторингтен өткізу ұсынысы берілді. Сондай-ақ, еңбек адамы, бала, мигранттар мен әйел құқығына қатысты бірқатар ұсыныс айтылды.