Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында "Мықтыны өмір сүйеді" атты жігер сағаты өтті. Шара кітапхананың "Арман. Жігер. Жетістік" жобасы аясында ұйымдастырылды.

Оқырмандармен кездесуге мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту орталығы, облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының өкілдері шақырылған. Олар мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысы, ерік-жігері туралы әңгімелеп, кітапханамен арадағы әріптестік туралы сөз етті.

Келушілер назарына "Мен өмірді сүйемін" тақырыбында кітап көрмесі ұсынылды. Немат Келімбетовтің "Үмітімді үзгім келмейді", Ілияс Есенберлиннің "Ғашықтар" шығармасы, Бибігүл Иманғазының "Тауқымет" романы тағдыр тауқыметін тартқан жандардың жігерін жанып, жетістікке жетелейді дейді ұйымдастырушылар.