Облыстық тоғызқұмалақ қауымдастығы 2014 жылы құрылды. Осы уақыт ішінде республика бойынша екі жыл қатарынан жоғары ұпай жинап келді. Жыл бойы ұйымдастырылған жарыстардың нәтижесін қоса есептегенде бірінші орын алды. Ал, биыл бір ғана ұпайды кем жіберіп, Павлодардан кейін екінші орынға тұрақтады. Жалпы тоғызқұмалақ спортына қызығушылық тудырып, қатысам деушілердің қатары артып келеді.

ҚАБИДОЛЛА НҰРШИН, ОБЛЫСТЫҚ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ - ПРЕЗИДЕНТІ

Гүлжанат Алдабергенова, Азамат Хайдар, Гүлнәр Нұрлыбаевалар зияткерлік спорт түрлерінен республиканы айтпағанда, халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Сондай-ақ былтыр Бішкекте өткен жарыста ақтөбелік спортшылар алтыннан алқа тақты. Балалар және жасөспірімдер бойынша қазақстанның құрама командасына ақтөбеден барлығы 7 спортшы алынған. Олар, Қазақстан және Азия чемпиондары. Дәл осындай жетістіктер шахмат және дойбыдан да бар. Түрлі деңгейдегі жарыстардан олжалы оралғандары ұлттық спорттың мәртебесін көтеріп жүр.

СТЕПАН КОВАЛЕНКО, ҚАЗАҚСТАН ДОЙБЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ ДИРЕКТОРЫ

- Дойбыдан өткен жылы қазақстан чемпионатына қатысқан спортшыларымыз 5 медаль алды. Бір спортшымыз Рүстем Омаров спорт шебері атағына ие болды. Жыл сайын жетістіктеріміз жақсарып келеді. Қазір жарыстарға қызу дайындық үстіндеміз.

Биылдан бастап, зияткерлік спорт түрлерінен өтетін жарыстарға 7-8 жастағы балалар да қатысатын болады. Айта кеткен жөн, ақтөбеде бүгінде 230 адам шахматқа, 200-і дойбыға, ал 100-ге жуық адам тоғызқұмалақ үйірмелеріне қатысады.

Райгүл Еншібайқызы