Өңірде экологиялық ахуалды бақылау күшейтілді. Өткен жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде 150 заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың барлығы бүгінгі таңда жойылды. Биыл бұл бағыттағы шаралар жүйелі түрде жалғасуда. Экология департаментінінің мәліметінше, жыл басынан бері қоршаған ортаны ластаудың 3310 дерегі тіркелді. Оның ішінде қоғамдық орындарды ластағаны үшін 519 адамға айыппұл салынған. Ал қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 2800 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.Құзырлы органдар барлық құқық бұзушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, экологиялық мәдениетті арттыруға басымдық беріп отыр. Айта кетерлігі, соңғы уақытта заңбұзушылықтарды анықтауға тұрғындардың өздері де белсенді атсалысуда. Тұрғын үйлердің кіреберістері мен лифтілеріне орнатылған бейнебақылау камералары арқылы тіркелген деректер негізінде азаматтар жедел түрде полицияға хабар беруде. Мамандар мұндай бірлескен іс-қимыл қоршаған ортаны қорғау ісінде оң нәтижесін беретінін атап өтті.