Ақтөбелік таэквондошылар халықаралық додадан олжалы оралды. Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен Азия чемпионатына әлемнің 20 елінен 800-ге тарта адам қатысқан. Байрақты бәсекеде Ақтөбенің намысын 30 спортшы қорғады. Жасөспірімдер және ересектер әртүрлі салмақ дәрежесінде таэквондоның GTF түрі бойынша сынға түсті. Нәтижесінде облыс құрамасы командалық есепте жүлделі екінші орынға ие болды. Жекелей есепте озық көрінген жүлдегерлер Дубайда өтетін Әлем чемпионатына қатысады. Өзбекстан төрінде еліміздің көк туын желбіреткен ұландарды бүгін теміржол вокзалынан туған-туыстары мен достары сән-салтанатпен күтіп алды.