ӨҢІРДЕ ЖАҢА ЖЕЛ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ САЛЫНАДЫ
Аймақта құны 100 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа жел электр станциясы салынады. Жобаны италиялық инвестор жүзеге асырады. Облыс әкімі Асхат Шахаров Eni PlenitudeSpA компаниясының жаңартылатын энергетика бағытының басшысы Алессандро Делла Зоппамен кездесті. Жиын барысында жаңартылатын энергетика саласындағы жаңа жоба — «Бадамша-3» желэлектр станциясын іске асыру перспективалары талқыланды.Компания өңірде бұған дейін «Бадамша-1» және «Бадамша-2» жел энергетикасы жобаларын іске асырған. Әр станцияның белгіленген қуаты 48 МВт, жалпы қуаты — 96 МВт. «Бадамша-1» 2020 жылы, ал «Бадамша-2» 2021 жылғы қыркүйекте коммерциялық пайдалануға берілді. Ал "Бадамша-3" станциясының қуаты 100 МВт-қа жетпек. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 100 млн АҚШ долларын құрайды. Құрылыс кезеңінде шамамен 30 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 150 тұрақты жұмыс орны құрылады.