Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Қатысушылар қазақ күресі, аударыспақ, қой көтеру, гір көтеру, қол күресінен сынға түсті. Сондай-ақ спортшылардың жас ерекшеліктеріне қарай жаппай көкпар мен тай жарысы ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімі Медет Ысқақов, облыстық мәслихат депутаты, «Көкпар» федерациясының президенті Фархат Сансызбай қатысты.

Жаппай көкпарда 50-ден астам көкпаршы мықтылығы мен шеберліктерін көрсетті. Серкені жерден іліп алып, алғаш «Беташар» салымды Шалқар ауданындағы «Әлім Ата» спорт клубының спортшысы Сейділла Күнтуған салды. Айта кетейік, Сарыжар ауылы Ұлттық спорт ойындарының орталығы болып бекітілді. Орталықтың негізгі мақсаты — тұрғындар арасында ұлттық спорт түрлері мен ойындарын насихаттау және сапасын арттыру.