Құрылысы аяқталған әлеуметтік нысандарды уақытылы пайдалануға бермеген жауаптылар жазаланды. Тізімге аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері және облыстық басқармалардың өкілдері ілікті. Облыс әкімінің төрағалығымен өңірдегі проблемалық нысандар бойынша жиын өтіп, онда құрылысы аяқталып, бірақ әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отырған ғимараттар жайы айтылды.


Әрбір аудан басшысы өз аумақтарындағы нысандар бойынша есеп берді. Мұндай нысандар әсіресе спорт саласында көп. Дайын тұрған денешынықтыру-сауықтыру кешендерінде тиісті құжаттары дұрыс емес, басым бөлігінде жер алу құжаттарына қатысты мәселе бар. Өңір басшысы бір-біріне сілтеп, бұл бағытта мардымды жұмыс жасай алмай отырғандарды сынға алды. Отырыста қаралған нысандардың құжаттары облыс басшысының тапсырмасымен жыл аяғына дейін толыққанды жасалып, келер жылдан жұмыс істеуі тиіс.