Жарқын болашақ иесі - бүгінгі жас маман. "Өмірлік таңдау" республикалық жобасы аясында ақтөбелік оқушылар облыстың ірі кәсіпорындарына экскурсия жасады. Өндіріс ошақтарының жұмысымен танысып, еңбекші әулеттердің өкілдерімен кездесті.

"Өмірлік таңдау" республикалық жобасы елімізде 2017 жылдан бастап жүзеге асырылуда. "Samruk-Kazyna Trust" қорының қолдауымен іске асқан ауқымды жоба қазақстандық оқушыларды кәсіптік білімге баулиды. Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеруді көздейді. Ең бастысы, мектеп бітіруші жастарға дұрыс мамандық таңдауға қолдау көрсету дейді мамандар.

Нөмірі 55-ші мектепте өткен шарада 9-шы сынып оқушылары еңбек әулетінің өкілдерімен кездесті. Өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Кейін, "ҚазХром" трансұлттық компаниясына қарасты Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барды. Жарты ғасырдан астам тарихы бар алып кәсіпорында оқушылар жоғары көміртекті феррохромды өндіру технологиясымен танысты.  

Экскурсия барысында оқушылар зауыттың жұмыс ерекшеліктерімен, бұл саладағы сұранысқа ие мамандықтарды білді.

Ақтөбе мұнай жабдықтары зауытында өткен экскурсия да қызықты болды. Нөмірі оныншы орта мектептің тоғызыншы сынып оқушылары мұнай өндіруге арналған механизм бөлшектерімен танысты. Олар еңбектің күрделілігіне, жабдықтарды автоматтандыруға және жұмысшылардың жалақысына қызығушылық танытты.

19 жылдық тарихы бар зауыттың өндірісі толығымен жаңғыртылған. Мұндағы тауарлар 100 пайыз жергілікті мазмұнда шығарылады. Жабдықтар тек елімізде ғана емес, Ресейде де сұранысқа ие. Болашақта Иранның кен орындарына экспорттау жоспарда бар. Зауытта екі ауысымда 200 ақтөбелік жұмыс жасайды. 

РАИЛЬ ЯРЛЫКАПОВ, "АҚТӨБЕ МҰНАЙ ЖАБДЫҚТАРЫ ЗАУЫТЫ" АҚ ӨНДІРІС ЦЕХЫНЫҢ БАСШЫСЫ

- Біз алғашында ескі жабдықтармен жұмыс жасадық. Бұл, әрине қиынға соқты. Уақыт өте келе, зауыт толығымен жаңғыртылды. Қазір барлық технология заманауи, компьютер арқылы басқарылады. Бүгінгі күні біздің зауытқа слесарь, операторлар, программист және жабдықтарды күтуші мамандар керек.

Танымдық экскурсия болашақ мамандарды отандық кәсіпорындарға тартып, білімді жастарды кедергісіз жұмысқа орналастыруға бағытталған. Оқу жылының соңына дейін жобаға 40 мыңнан астам 8-10 сынып оқушылары мен 200 мұғалімді қамту жоспарланған. Айтып өтейік, осыдан бір ай бұрын жоба аясында ақтөбелік 60 мұғалімге кәсіби бағдар беріліп, тренингтен өтті.

Жұлдыз Алмасқызы