Ақтөбеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің тапсырмасымен жарыққа шыққан екі кітап таныстырылды. «Отандық арнайы қызмет хроникасы. Адамдар, оқиғалар және фактілер туралы тарих», «Мемлекеттік шекара» кітаптарындағы мәліметтер тәуелсіздіктің 30 жылдығына жинақталған. Онда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекетіміздің шекарасын қорғауға лайықты үлес қосқан жедел қызметкерлер мен шекарашылар туралы жазылған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаменті бастығының айтуынша, кітап нақты адамдар мен оқиғаларға және фактілерге негізделген. Салтанатты шараға ардагерлер, оқиғаға қатысушылар мен қонақтар қатысты. Оларға кітап пен бағалы сыйлық, сонымен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының алғыс хаты табысталды. Айтып өтейік, кітаптың электронды нұсқасы «Kitap.kz» сайтына жүктелген.