Қала іргесіндегі Жіңішке өзенінің бойына "Халық кеңесі"ескерткіш- белгісі қойылды. Аумақты таңдаудың өзіндік себебі бар. Тарихқа көз жүгіртсек, Сырым батыр жетекшілік еткен "Халық кеңесі" құрылтайы осы өзен бойында өтіпті. Сондықтан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлының ескерткіш тақта орнату туралы ұсынысы бір ауыздан қолдау тапты.
Белгілі жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының "Тар кезең" романында халық тағдыры таразыға түскен қиын шақ бейнеленген. Қаламгер біраз тер төкті, ізденді. Романның басты кейіпкері отарлау саясатына қарсы шыққан батыр Сырым Датұлы еді. Ол жетекшілік еткен "Халық кеңесі" құрылтайы Ақтөбедегі Жіңішке өзенінің бойында өтіпті. Сондықтан дәл осы жерге, "Халық кеңесі" ескерткіші орнатылды. Бұл жазушының ұсынысы. Өкінішке қарай, Қажығали Мұханбетқалиұлы өмірден озды. Ескерткіш-белгінің ашылуына оның жұбайы Сұлуханым Ілиясова келді. Зиялы қауым өкілдері, танымал ақын -жазушылар, жергілікті билік өкілдері қатысты.
Ескерткіш-белгі Ақтөбе-Қобда тас жолы бойындағы Құршасай ауылының маңына қойылды.
Жазушының романы бүгінде қазақ прозасының құнды қазынасына айналды. Тарихи тақырыпқа жазылған айтулы еңбек.
Райгүл Еншібай