Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті биыл техногенді қалдықтарды қайта өңдеуге арналған 3 млрд теңге мегагрантты жеңіп алды. Аймақтағы іргелі жоғары оқу орны "Болашақ " бағдарламасы бойынша оқытушылардың білімін жетілдіруге ден қойды. 2024 жылдың өзінде 11 ғалым докторлық диссертация қорғады. Жалпы ұлу жылы университет үшін толағай табыстарға толы болды. Бұл туралы ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысында айтылды. Жиында оқу орнының ректоры 2024 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жаңа жылға межеленген жоспарларымен бөлісті. Бүгінгі таңда университетте 14 мың студент білім алып жүр. 19 ғылым докторы, 200-дей кандидат, 90-ға тарта PhD-доктор жұмыс істейді.