Қазіргі күні өңірде жылыту маусымы еш іркіліссіз өтіп жатыр. Қатты отынның қажетті қоры жеткілікті. Бюджеттік ұйымдарға 33 мың тонна көмір жеткізілген. Яғни, сұраныс толық қамтылды. Орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған барлық әлеуметтік нысан мен үйлерге жылу үздіксіз беріліп отыр. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында коммуналдық кәсіпорындарға тиесілі қазандықтардың жұмысын қайта тексеруді тапсырды. Бұл мәселе – өңір басшысының жеке бақылауында болмақ. Сондай-ақ, кеңес барысында елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша тапсырма берілді. Өңірде тазалықты бұзу фактілерінің жолын кесу мақсатында қоқыс контейнері алаңдарын бейнебақылау камераларымен жарақтандыру жұмыстары жалғасады. Еске сала кетейік, осы күзде қоқыс контейнері алаңдарына 188 бейнекамера орнатылды. Заң бұзғандарға әкімшілік айыппұлдар салынып жатыр.